National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекет басшысының V-ші Еуразиялық Медиа Форумға қатысушыларға құттықтауы.20.04.2006ж.


 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

 
Алматының көктемгі жаймашуақ күнінде бас қосқан Сіздердің баршаларыңызды, бесінші Еуразиялық Медиа Форумның қатысушылары мен қонақтарын шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі конференцияның ашылуына орай менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар.


Ең әуелі, Еуразиялық Медиа Форумның айрықша рөлі мен миссиясын атап көрсеткім келеді. Бес жыл ішінде ол масс-медиа саласы ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті проблемалар бойынша кең түрде пікір алмасатын мейлінше танымал әрі тиімді «үнқатысу алаңына» айналды.

Соңғы жылдары орын алған көптеген оқиғалар осы заманғы мәдени-өркениеттік айырмашылықтардың мәні мен этносаралық қарым-қатынастардың күрделілігін тағы да бір рет айғақтап берді. Сондықтан да журналистердің, саясаткерлер мен сарапшылардың қатысуымен өтетін түрлі үлгідегі мәдениаралық үнқатысулардың қажеттілігі артып отыр. Форум осы проблемаларды саралауға өзіндік үлес қоса алар еді деп санаймын.

 
Әлемдік қоғамдастықтағы жауапты әрі сенімді серіктес ретінде танылған Қазақстан мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың дамуына, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, мәдениаралық және конфессияаралық үнқатысуларды орнықтыруға барынша қолдау көрсетіп келеді.

 
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты маңызды зор әрі келешегі кемел ықпалдастық бастамалары осы мақсаттарға бағытталған.

 
Форумға қатысушыларға сындарлы үнқатысу, нәтижелі жұмыс және Қазақстан мен Алматы жөнінде жақсы әсер алуларын тілеймін.

 

Қазақстан Республикасының Президенті  

Н. Назарбаев

2006 жылғы 20 сәуір