National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысының атына келіп түскен құттықтау жеделхаттар

2019 жылғы 27 маусым

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.

Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизавета өзінің хатында Қасым-Жомарт Тоқаевты шын жүректен Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.

«Сізге және Қазақстан халқына бар жақсылықты тілеймін, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастарды жалғастыруды тағатсыздана күтемін», – делінген жеделхатта.

Кувейт мемлекетінің әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер Әл Сабах Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.

«Достас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынымызды және оны мемлекеттеріміздің мүддесі үшін дамытуға ниетті екенімізді айтқым келеді», – деп жазған Кувейт Әмірі.

Алжир Президентінің міндетін атқарушы Әбдел Кадер бен Салих та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хатын жолдаған.

«Екі ел арасында жақсы тарихи байланыстар, өзара қарым-қатынастар орнаған. Елдеріміздің игілігі үшін Сізбен жұмыс істеуге және екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты нығайтуға дайын екенімді білдіремін, – делінген жеделхатта.

Ямайканың Премьер-Министрі Эндрю Холнесс өз құттықтауында Мемлекет басшысының саяси тәжірибесі бай екенін атап өтіп, Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

«Ямайка мен Қазақстан 24 жыл бұрын дипломатиялық байланыс орнатқан сәттен бері жақсы қарым-қатынастарын жалғастырып келеді. Алдағы уақытта осы байланыстарымызды тереңдете отырып, өзара мүдделерімізді білдіретін мәселелер жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтуге үміттенемін, – деп атап өткен Эндрю Холнесс.

Монғолияның экс-президенті Намбарын Энхбаяр құттықтау хатында Қазақстанның одан әрі дами беретініне және Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқаты жақсара түсетініне сенім білдірді.

«Монғолия мен Қазақстан арасындағы ортақ тарих пен халықтарымыздың жақындығына негізделген әріптестік қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп санаймын», – делінген жеделхатта.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресеймен стратегиялық және достық қатынастарды дамытуға бейілдігін университет ұжымы жоғары бағалайтынын атап өтіп, оқу орнының жұмысына көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

Швейцариядағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлектері ассоциациясының төрағасы Юрий Назаркин бірлестік атынан Мемлекет басшысын құттықтады.

«Қазақстанның игілігі үшін барлық ауқымды мемлекеттік міндеттерді табысты шешуіңізге тілектеспіз. Сіздің халықаралық деңгейдегі мол тәжірибеңіз жаһандық аренадағы еліңіздің орнын одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенімдіміз», – деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Кувейттің Премьер-Министрі Джабер әл-Мубарак әл-Хамад Әл Сабах, Кувейт Мемлекеті Әмірінің тақ мұрагері Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер Әл Сабах, Токио губернаторы Юрико Коике, Бүкіл дүниежүзілік кеден одағының Бас хатшысы Кунио Микурия, БҰҰ Чадтағы резидент-үйлестірушісі Стивен Тулл, Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Вольфганг Бюхеле, Португалия-Қазақстан сауда палатасының төрағасы Нуно Мигель Афонсо Лопес, Швейцария Федералды Жиналысының «Швейцария-Қазақстан» достық тобының тең төрағасы Филиппо Ломбарди, «Total» компаниясының басқарма төрағасы Патрик Пуянне, INPEX CORPORATION президенті Такаюки Уэда, Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов, «Тенгизшевройлдың» бас директоры Имер Боннер, Пекин лингвистикалық университетінің ұжымы құттықтауларын жолдады.  

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің