National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына келіп түскен құттықтау жеделхаттары

2019 жылғы 15 маусым

Қазақстан Президенті болып сайлануына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.

Германия Канцлері Ангела Меркель Мемлекет басшысына жаңа табыс тіледі.

«Сізді Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісуіңізбен құттықтаймын. Елдеріміз арасындағы әріптестік тұрақты дамып келеді. Германия реформалар мен демократияландыру жөніндегі жақын әріптес ретінде Қазақстанға қолдау көрсете беруге дайын», – делінген жеделхатта.

Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди Қазақстан Президентін құттықтап, екі елдің көп ғасыр бұрын басталған ықпалдастықты жалғастырып келе жатқанын айтты.

«Екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында тарихи байланыстарымыз стратегиялық серіктестікке ұласты. Мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың мүддесі үшін Үндістан мен Қазақстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға және кеңейтуге дайын екенімді білдіремін», – делінген жеделхатта.

Хорватия Президенті Колинда Грабар-Китарович өзінің құттықтау хатында достық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенін айтқан.

«Хорватия Қазақстанмен халықтарымыздың ортақ мүдделерін білдіретін көптеген салаларда тұрақты дамып келе жатқан әріптестікті және достық қатынастарды жоғары бағалайды. Біз өзара күш біріктіре отырып, ортақ ынтымақтастыққа, соның ішінде екі мемлекеттің әлеуетін іске асыру үшін экономикалық қатынастардың қарқынын арттыруға үлес қосатынымызға кәміл сенемін», – делінген жеделхатта.

Словакия Республикасының Президенті Андрей Киска да Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтады.

«Қазақстан – Словакияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ортақ мүдделерімізді білдіретін барлық салаларда дами беретініне сенім білдіреміз», – делінген жеделхатта.

Болгария Президенті Румен Радев Қасым-Жомарт Тоқаевқа еңбегінің жемісті болуын және Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

«Біз өзара күш жұмылдыра отырып, мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға үлес қосамыз, – делінген жеделхатта.

Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурер Қазақстан мен Швейцария арасындағы байланыстардың өте жақсы деңгейде екенін атап өтіп, екі мемлекеттің игілігі үшін ынтымақтастықты нығайтуға сенім білдірді.

Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен Қасым-Жомарт Тоқаевқа демократиялық даму және реформаларды жүргізу ісінде табыс тіледі.

«Халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстанның ұзақ мерзімді қызметі Сіздің басшылығыңызбен одан әрі жалғаса беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Латвия Президенті Раймонд Вейонис Қазақстанды Латвияның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі әрі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар конструктивті әрі өзара тиімді екенін атап өтті. 

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен экономика мен әлеуметтік салаларды модернизациялауда, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруда кең ауқымды жоспарларды жүзеге асыру жалғасатынына сенім білдірді.

«Сіздің тату көрші, одақтас Ресей мен Қазақстан қарым-қатынастарының одан әрі дамуын, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық өзара іс-қимылдарды кеңейтуге бел шеше кірісуіңізді құп көреміз», – делінген құттықтау хатында.  

Ресей Федерациясының Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынастары, соның ішінде парламенттік бағыт бойынша конструктивті түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен мемлекеттікті нығайту ісінде, ұлттық экономиканы көтеруде және еуразиялық кеңістікте өзара тиімді интеграциялық үдерістерді ілгерілетуде жаңа табыстарға жететініне Федерация Кеңесі сенеді», – делінген жеделхатта.

Қазақстан Президенті болып сайлануына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттарын Нидерланд Королі Виллем-Александр, Монғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга, ЮНЕСКО ұйымының Бас хатшысы секретарь Одри Азуле, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хади Солейманпур, Польшаның бұрынғы Президенті Александр Квасьневский, Бразилия Федералды Сенатының төрағасы, сенатор Дави Алколумбре Польша Республикасы Сенатының маршалы Станислав Карчевский, «Италия-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Эдмондо Чириелли, Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петр Гузовски, Еуропа Парламентіндегі Польша Республикасының депутаты Рышард Чарнецкий, Польша Республикасының сенаторы Ян Филип Либицкий, Польша  Республикасының  Сейм депутаты Томаш Ленц жолдады. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің