National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты хаттар мен құттықтау жеделхаттары

2015 жылғы 14 мамыр

 

Мемлекет басшысының атына әлемнің түрлі елдерінің белді саясаткерлерінен, халықаралық ұйымдар басшыларынан, компаниялар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерінен, сондай-ақ еліміздің азаматтарынан құттықтаулар келіп түсті.

Атап айтқанда, Сирия Араб Республикасының Президенті Башар Әл-Асад Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен Сирия халқының және жеке өзінің атынан құттықтады.

«Қазақстан халқының Сізді Президент ретінде сайлаудағы таңдауы –тұрақтылық, даму және тұтастық бағдарының жалғасуының көрсеткіші, сондай-ақ бүкіл елдің Сізге деген сенімінің айғағы, бұл халықтың бірлігін көрсетеді», – делінген құттықтауда.

Болгария Республикасының Президенті Р.Плевнелиев Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен кең ауқымды реформалары жаңа мандат аясында жалғасын табатынына сенімін білдірген.

«Болгария Республикасы Қазақстан Республикасымен арадағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды және оны нығайтып, жаңғырта түсу үшін жұмысты жалғастыратын болады», – делінген жеделхатта.

Болгария Президенті сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық,  биік миссиясы барысында шығармашылық қуат тіледі. 

Бутан Корольдігінің премьер-министрі Тшеринг Тогбей ел халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Сіздің жеңісіңіз соңғы жиырма жылда қойылған міндеттерге уақытында қол жеткізілгендігінің айғағы, сондай-ақ халық тарапынан Сіздің көшбасшылығыңызға деген сенім мен қолдаудың көрсеткіші», – делінген құттықтауда.

Т.Тогбей Нұрсұлтан Назарбаевқа сарқылмас қуат, ал Қазақстан халқына бұдан әрі дамуына және өркендеуіне тілектестік білдірді.

БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры  Жозе Грациано Да Силва өзі басқаратын құрылым мен жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттің жоғарғы лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық және маңызды қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму жөніндегі бас директоры Ли Юн соңғы жылдары ЮНИДО Қазақстанмен серіктестікті нығайтқанын атап өтті және болашақта өзара ықпалдастықты кеңейтетініне үміттенетінін жеткізді.

«ЮНИДО Қазақстанның индустрияландыру жөніндегі күш-жігеріне техникалық ынтымақтастық жобалары арқылы қолдау көрсетуге мүдделі. Біз ЮНИДО-ның 2015-2017 жылдарға арналған негіздемелік елдік бағдарламасына Үкіметтің көрсетіп отырған берік қолдауын құптаймыз», – деп жазады автор. 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы   Анхель Гурриа Қазақстанның экономикалық реформалар мен әлеуметтік прогресс жолында бұдан әрі ілгерілеуіне ұйымның қолдау көрсететініне Нұрсұлтан Назарбаевты сендірген.

«Қазақстан мен ЭЫДҰ ынтымақтастығына 15 жылдан асты және бұл мемлекеттік секторды, қоршаған ортаны, денсаулық сақтау және салық салу жүйелерін, бәсекелестік пен іскерлік ахуалды жетілдіруге бағытталған Елдік бағдарламаға таяуда қол қойғаннан кейін бұрынғыдан да беки түсті. Бағдарлама Сіздің ішкі реформаларды жүзеге асыру жөніндегі өршіл жоспарларыңызды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, ол ЭЫДҰ елдеріне Қазақстанның экономикалық реформалар тәжірибесін жақсырақ білуге және оны ЭЫДҰ жұмысына пайдалануға мүмкіндік береді», – делінген құттықтауда. 

«Жібек жолының бейбітшілік сыйлығы» қорының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда табысқа жеткенін, сонысымен бүкіл әлем назарын аударғанын атап өткен.

«Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемде мойындалған көрнекті мемлекет басшысы болып табылады. Оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі бастамалары тиісті елдер арасындағы диалог пен консультацияларға, өзара сенімді нығайтуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосылған қомақты үлес болып саналады.  Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ешқандай күмәнсіз бұдан да зор табыстарға жететініне сенімдіміз», – деп жазады авторлар.

Кувейт Мемлекетінің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Марзук Әли Әл-Ганим Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент лауазымына қайта сайлануы оған деген халық сенімін және оның Қазақстанды өркендеу мен ілгерілеу жолына бастауға дайын екенін айғақтайтынын айтқан.

«Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың арасындағы тату көршілік байланыстардың жүйелі дамып келе жатқанын, сондай-ақ ынтымақтастықты алдағы уақытта барлық салада нығайтуға және кеңейтуге септігін тигізетін Сіздің Кувейт Әмірімен жақсы қарым-қатынасыңызды айрықша атап өткім келеді», – делінген хатта. 

Украинаның  бұрынғы президенті Л.Кучма еліміздің қарышты экономикалық дамуы мен жаңғыруын, халықаралық аренадағы беделінің күшейгенін, қазақстандықтардың тұрмыс деңгейінің ұдайы артып келе жатқанын атап өткен.

«Осының бәрі байырғы ақиқатты растай түседі: көш бастаушының даналығы – тұтас халықтың бақуатты өмірінің басты кепілі», – делінген хатта.

Л.Кучма Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және Мемлекет басшысы лауазымындағы барлық міндетін іске асыру жолында табыс, ал Қазақстан халқына  бақ-береке мен игілік тіледі.

АҚШ Солтүстік Дакота штатының губернаторы Д.Дэлримпл Қазақстанмен ынтымақтастықтың көптеген ортақ бағыттары бар екеніне тоқталып, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын айрықша атаған.

Д.Дэлримпл сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілегін жолдай отырып, Қазақстан мен Солтүстік Дакота арасындағы сауда мүмкіндіктері әрі қарай дами берерінен үмітті екенін білдірген.

АҚШ сенаторы Д.Ховен өзара ықпалдастық қарқыны артып келе жатқанына назар аударған.

«Елдеріміздің арасында ауыл шаруашылығы саласындағы сауда қатынастарына демеу жасау өте маңызды, соған орай Сіздің қайта сайлануыңызға байланысты мен жемісті ынтымақтастық жұмыстарын бұдан әрі жалғастыруды тағатсыздана күтемін», – делінген хатта.

Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі М.Доббс Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісі бұдан әрі де Қазақстан халқының бақуатты өмірін қамтамасыз етіп, еліміздің өркендеуі мен жаңа жетістіктерінің дәуірін бастайтынына деген үмітін білдірген.

«Сіздің қайта сайлануыңыз Сіздің ел мен Біріккен Корольдік арасында беки түскен достықты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деп жазады автор.

Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі М.Швыдкой өз құттықтауында сайлаудағы айқын жеңіс елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын нығайту және халықаралық беделін артыру ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін Қазақстан халқының мойындауының жарқын айғағы екенін атап өткен.

«Өмірдің барлық саласындағы Қазақстанның табыстары дау тудырмайды. Республика халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық саласында да барған сайын маңызды әрі айқын рөл атқаруда, бұл ретте ол төл ұлттық дәстүрлерін де сақтап отыр», – деп жазады автор.

РҒА академигі, Ядролық зерттеулер біріккен институты директоры В.Матвеев дирекция мен көпұлтты ұжымның атынан президенттік сайлаудағы жеңіс еуразиялық интеграцияның нығаюы кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан экономикасын жан-жақты дамытуға бағытталған саясатын халықтың кеңінен қолдайтынын білдіретіндігін айтады.

«Чалык Холдинг» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы А.Чалык Нұрсұлтан Назарбаевтың президент сайлауындағы жеңісінің елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін маңыздылығын атап өткен.

Сондай-ақ А.Чалык Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның жан-жақты дамып келе жатқанына, соның арқасында Орталық Азиядағы экономикасы ең  ірі ел болып отырғанына назар аударыпты.

«Хиндужа» компаниялар тобының төрағасы П.Хиндужа өз құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануы өңірдегі бейбітшілікті сақтау, Ұлы Жібек жолының әлеуетін пайдалану және республикамызды өркендету үшін мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өткен.  

«Фон Рогге қайырымдылық қорының» негізін салушы О.Игалс-Рогге Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, еліміздің әрі қарай дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жолын жалғастыруына тілектестік білдірген.

Өзбекстанның Қазақ ұлттық мәдени орталығының мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы достық қатынастарды нығайтуға, бауырлас елдердің сауда-экономикалық, әлеуметтік, мәдени және әдеби байланыстарын дамытуға зор үлес қосқанын атап өткен. 

Еуразиялық педагогикалық жоғары оқу орындары қауымдастығының I съезінің қатысушылары Мемлекет басшысының тәуелсіздік жылдары білім беру жүйесіндегі реформа жүргізу  ісіне қосқан қомақты үлесін атап көрсеткен.

«Біз  Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идея туған Қазақстан жерінде тағы бір халықаралық қоғамдық ұйым құрылғанына қуаныштымыз. Сізге халықаралық ауқымдағы көшбасшы ретіндегі құрмет сезімімізді білдіре отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру ісінде өзіңізге табыс тілейміз. Халықаралық аренадағы беделіңіз одан әрі беки берсін», – деп атап өтілген хатта. 

Бірқатар қоғамдық қорлардың басшылары, Алматының жас белсенділері, сондай-ақ Қазақстанның мәдениет қайраткерлері өз хаттарында қала жастары атынан Нұрсұлтан Назарбаевты өткен президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Қазақстан халқына «Нұрлы жол» атты жолдауыңызда сіз барлық саланы қамтитын, сондай-ақ елдің ұдайы дамуын қамтамасыз ететін жаңғырту жолын көрсететін ауқымды өзгерістерді атап бердіңіз. Соған қарап біз алдымызда тұрған барлық міндеттердің қаншалықты ауырлығын сезінеміз. Кез келген қазақстандық «Мәңгілік Елдің» азаматы болуға лайық деп сенеміз, – делінген хатта. 

«Менің балалық шағымның аспаны» фильмінде бозбала Нұрсұлтан рөлін ойнаған Е.Әлпиев Мемлекет басшысын Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, Президентке мықты денсаулық, ал елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілейді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президент сайлауындағы жеңісіне байланысты құттықтауларын сондай-ақ Алматы облысы Қаракемер ауылынан Ұлы Отан соғысының ардагері К.Қосақов, Орал қаласынан Ардагер мұғалімдер кеңесінің төрағасы С.Иманғалиева, Қарағанды облысы Теміртау қаласынан В.Хомякова, Қызылорда қаласының тұрғындары Х.Құнанқараев пен С.Шымырқұлов, Жамбыл облысы Сарыкемер ауылынан Ө.Әбдірейімов, Жамбыл облысы Үлгілі ауылынан Е.Серікбайұлы және Мойынқұм ауылы мектебінің оқушысы А.Мүслімова, Оңтүстік Қазақстан облысы Жаңа тұрмыс ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы №53 мектептің 7 сынып оқушысы Ә.Ұлқожаева, Қарағанды облысы Саран қаласындағы №17 мектептің 6 сынып оқушысы Ү.Серікбаева, Алматы облысы Сарқанд қаласындағы Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің 4 сынып оқушысы Т.Өнербаева жолдады.

Өлең жолдары арқылы өрнектелген өзгеше тілек-лебіз Алматы қаласының тұрғыны Г.Өтеғалиевадан және Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы С.Бердіқұлов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы З.Ысқақовадан келіп түсті. 

Соңғы апталарда келген хат-хабарлармен мұқият танысып шыққан Мемлекет басшысы барлық хаттар мен жеделхаттардың авторларына құттықтаулары үшін шынайы алғысын білдіреді.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің