Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

5 шілде 2020
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күнімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Ардақты ағайын! 

Сіздерді Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – Елбасының рухани жаңғыру жолын және салт-дәстүріміздің мән-маңызын дәріптейтін игі бастама.

Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар.

Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген.

Халқымыздың төл өнерін төрімізден түспеген домбырасыз елестету мүмкін емес.

Ұлттық рухты күмбірлеген күйден артық көтеретін дүние кемде кем.

Халқымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі жырлағандай: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра».

Біз ұлттық аспабымыздың бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз.

Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз.  

Жылдан жылға домбыра тартатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша өнерпаздарға алғыс айтамын.  

Домбыра мерекесі құтты болсын!

Әр шаңырақтан ән-күй үзілмесін!


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар