Жаңалықтар

27 мамыр 2015
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті

 

Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, Үкімет қабылдаған Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015 – 2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының орындалу барысы қаралды.

 Министрліктердің басшылары сөз сөйлеп, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қорғау тетіктері, сондай-ақ олардың жұмыспен қамтылу, кедергісіз ортада болу құқықтары қарастырылған қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізілгенін атап өтті.

Бала асырап алу және патронаттық тәрбиені жетілдіру бағытында нысаналы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар биылғы бірінші тоқсанда  балалар үйіндегі 219 баланы өз отбасыларына қайтаруғап, 215 баланы патронаттық тәрбиеге беруге және өзгелердің асырап алуына мүмкіндік жасады.

Сонымен қатар Әлеуметтік проблемалар картасы әзірленді, сол арқылы өңірлердің ана мен бала өлімі, АИТВ жұқтырған науқастар саны, мүгедек азаматтар және басқа әлеуметтік негізгі көрсеткіштер бойынша жұмысын мониторингтеуге болады.

Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы біздің еліміз Мыңжылдық дамудың бесінші мақсатына қол жеткізіп, аналар өлімінің деңгейін үш есе төмендеткенін атап өтті. 1999 жылы тірі туған 1000 балаға шаққанда 55 ана өлімінен келсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 12,6-ға дейін азайған. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2014  жылғы есебіне сәйкес 57 елден тұратын топта елде АИТВ инфекциясының таралуы бойынша Қазақстан төмен көрсеткіш – 0,2 пайызбен бірінші орынға тұрақтады.

Г.Әбдіқалықова отбасылық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, отырыста Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мүмкіндігі шектеулі әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі жұмысы туралы мәселе де қаралды. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасы таяуда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялағанына байланысты әртүрлі топтағы мүгедек әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты медициналық қызметтер мен ақпарат алу үшін жаппай тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ отырысқа қатысушылар БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Ю.Оксамитныйдың «Балаға мейірімді қала» жобасының іске асырылу барысы туралы баяндамасын тыңдады. Бұл жоба Қазақстанның 17 қаласында және 4 ауданында іске асырылады. Балаларға қолайлы  жағдай жасау жөніндегі осы оң тәжірибе Данияда, Ресейде, Непалда өткен халықаралық конференцияларда таныстырылды.   

Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарына тиісті ұсынымдар дайындады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар