National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар тапсырды

2015 жылғы 06 мамыр

 

Мемлекет басшысы марапаттау рәсіміне қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Президенті марапатқа ұсынылғандардың бәрі де ерен еңбегімен, қалтқысыз қызметімен ерекшеленген жандар екенін атап өтті.

– Биыл Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне тәуелсіз елдің төл наградалары тапсырылады. Бүгінгі ұрпақ Ұлы Жеңісті алып берген аға буын алдында әрқашан қарыздар. Мемлекет басшысы ретінде мен бүкіл ел атынан Сіздерге мың алғыс айтамын, ардақты ардагерлер, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ер-азаматқа туған Отанды, қастерлі тәуелсіздікті қорғап, ел тыныштығын күзетуден асқан мәртебе жоқ екенін айтты.

– Сіздер сол абыройлы борышты адал атқардыңыздар және атқарып келесіздер. Сіздер соғыстан кейін де елге қызмет етуді жалғастырып, бейбіт күнде де батырлыққа орын бар екенін қапысыз дәлелдей білдіңіздер. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіптің  сақталуы да мына сіздердің еңбектеріңізге тікелей байланысты, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдің өмірінде Отан қорғаушы ердің орны қашанда ерекше.    

– Ұлттық әскер – егемен елдің құрыш қалқаны. Оның басты міндеті – ұлт пен ұлыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде шекарамыздың қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын сенімді сарбаздар күзетіп тұр. Олар ата-бабалардың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, аға буын аманатына адал болады деп сенемін. Елге қорған болу үшін ер-азаматқа қажымас қайрат, асқақ рух қажет екені анық. Сіздердің бойларыңыздан соның бәрі табылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі екі бірдей маңызды мерекенің қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды.

– Бүгін оған елдің бостандығы мен бейбіт өмірін қорғап қалған ардагерлер қатысып отыр. Біз сіздерге «Барыс» және «Құрмет» ордендерін тапсырамыз. Бұл – бүгінгі ұрпақ сіздерге ұсына алатын сый-құрметтің титтей бір бөлшегі ғана. Бүкіл ел, бүкіл әлем фашизмнен қорғап қалғандарыңыз үшін сіздерге борыштар. Ардагерлерді марапаттау үзілмес ұрпақ сабақтастығын айғақтайды. Сіздердің майдан даласы мен бейбіт өмірдегі ерліктеріңіз әрдайым батырлық пен патриотизм үлгісі болып қала бермек. Ұлы Жеңіске қол жеткізгендердің барлығы үшін ең үздік марапат – тәуелсіз Қазақстан, өркендеу үстіндегі еліміз, азаматтарымыздың бақуат өмірі. Бұл сіздердің ерліктеріңіздің бекер кетпегенін дәлелдейді. Бүгінде сіздердің істеріңізді қазақстандықтардың жаңа ұрпағы табысты жалғастыруда. Ел олардың да еңбегін бағалайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгін ордендер мен медальдар тапсырылатындардың қатарында түрлі салалар мен ұйымдардың өкілдері бар екенін атап өтті.

– Баршаңызды бейбіт әрі бақуатты Қазақстанды дамытуға қосқан зор үлес біріктіреді. Қазір, бейбіт уақытта сіздер тәуелсіздікті күзетесіздер, ел шекарасын, тұрақтылықты, тыныштық пен республикамыздағы заңдылықтың сақталуын қорғайсыздар. Сіздердің өмірлеріңіз тұтастай Отанға қызмет етуге арналған. Мен сіздерге наградаларды ризашылықпен тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды тағы да құттықтап, оларға зор денсаулық пен табыс тіледі.

Марапатталған ардагерлер Мемлекет басшысына қамқорлығы  үшін  сондай-ақ еліміздегі татулық пен тыныштықты қамтамасыз етіп отырғаны үшін алғыс айтты.

Рәсім барысында ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен соғыс ардагері С.Жиенбаев (Алматы қаласынан), соғыс және еңбек ардагері С.Исаев (Алматы облысынан);

«Құрмет» орденімен соғыс ардагері М.Абдрахманов  (Орал қаласы), соғыс ардагері З.Әділбеков (Алматы қаласы), соғыс ардагері Қ.Әмренов (Павлодар қаласы), соғыс ардагері Қ.Бекенов (Астана қаласы), соғыс ардагері Б.Боқаев (Маңғыстау облысы), соғыс ардагері В.Болотин (Қарағанды облысы), соғыс ардагері К.Брезговин (Қостанай облысы), еңбек ардагері А.Дауылбаев (Солтүстік Қазақстан облысы), соғыс ардагері М.Домовец (Шығыс Қазақстан облысы), соғыс ардагері А.Елубаев (Атырау облысы), соғыс ардагері О.Жалмағамбет (Ақтөбе қаласы), соғыс ардагері Ш.Жаныбеков (Алматы қаласы), соғыс ардагері С.Жарықбасов (Алматы облысы), соғыс ардагері Р.Житковская (Алматы қаласы), соғыс ардагері И.Қалиев (Қызылорда қаласы), соғыс ардагері И.Құрбанов (Жамбыл облысы), соғыс ардагері М.Полтарацкая (Астана қаласы), соғыс ардагері Ж.Рамазанов (Көкшетау қаласы), соғыс ардагері С.Шәменов (Оңтүстік Қазақстан облысы) марапатталды.

Сонымен қатар, II дәрежелі «Даңқ» орденімен ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Р.Әлімов, Астана қаласының прокуроры С.Бекбосынов, Қостанай облысы ішкі істер департаментінің бастығы Т.Мәткенов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Қ.Оразқұлов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы А.Шайымова;

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР Бас прокуратурасының департамент бастығы  Р.Досымбекова, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 1-авиациялық базасының ұшу дайындығы командирінің орынбасары М.Каушенов, ҚР Қорғаныс министрлігі №44803 әскери бөлімінің командирі Н.Қабақов, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасы бас штабы бастығының орынбасары – жедел бас басқарманың бастығы А.Степаненко;

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің сержанты – Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы С.Шораханов;

«Ерлігі үшін» медалімен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасы «Сақшы» шекара кемесінің командирі  Е.Калишев, ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің инспекторы Е.Садықбеков, ҚР Қорғаныс министрлігі №28079 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы ротасының аға радиотелефоншысы С.Сармырзаев, ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері С.Сейфуллин;

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Обьектілерді қорғау қызметі №0112 әскери бөлімі құрмет қарауылы ротасының командирі А.Еламанов, ҚР Қорғаныс министрлігі №62064 әскери бөлімінің командирі  Ш.Жарылқасынов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметі бастығының орынбасары Д.Жұмабеков, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицері С.Қабдықұлов, ҚР Қорғаныс министрлігі №29011 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары – штаб жедел бөлімшесінің Д.Қайрошев марапатталды. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 06 сәуір

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көрді

2024 жылғы 16 сәуір

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көрді

Жарлық

2024 жылғы 01 сәуір

Ә.А. Смайыловты тағайындау туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің